ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ
РАДИОЭЛЕКТРОНИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ӘСКЕРИ-ИНЖЕНЕРЛІК ИНСТИТУТЫ

 

2024 жылғы ҚР ҚК әскери девизі «Айбынды армия — тәуелсіздік кепілі»

РЭжБӘИИ-де курсанттар арасында математикадан халықаралық олимпиада басталды

ТМД-ға мүше мемлекеттердің әскери жоғары оқу орындарында білім алатын курсанттар арасында математикадан өтіп жатқан VIII Халықаралық олимпиадаға Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары қатысуда.

Қазақстанның атынан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары шықты. Осы университеттің және Әуе қорғанысы күштері әскери институтының екі командасы конкурстан тыс қатысу үстінде. Бұл командалар үшін басты мақсат - өз күштерін сынап, зияткерлік бәсекелестік тәжірибесін алу. 

Ашылу салтанатына дейін ұйымдастырушылық-әдістемелік кеңес өтіп, оның барысында қазылар алқасы мен апелляциялық комиссияның құрамы анықталды. Төрешілер алқасында олимпиадаға қатысушы мемлекеттер командаларының басшылары, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы ғылыми-зерттеу институттарының және басқа да жоғары оқу орындарының жетекші қызметкерлері бар. 

– Олимпиада әскери кадрларды даярлау сапасын арттыру, курсанттарды ынталандыру, оқытушылардың біліктілігін арттыру және оқытудың жаңа әдістемелерін әзірлеуге жәрдемдесу мақсатында өткізіледі, – деді профессор – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы майор Нұргүл Исмағұлова. 

Одан басқа ол ТМД елдерінің жоғары әскери оқу орындары арасында сайыскерлік пен салауатты бәсекелестік атмосферасын құрудың маңыздылығын атап өтті.

Олимпиаданы марапаттау рәсімі 26 сәуірде «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді. Бұл жарыс 2014 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп жүргенін айта кетелік.

  


Ілгері